Мектеп директоры Қыдырбаев Усербек Қайырбекович » Қ.Мүсірепов ЖОМ
Түркістан облысы адами әлуетті дамыту басқармасының
Мақтаарал ауданының адами әлеуетті басқару бөлімінің
"Қ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(707) 394-19-85
Есепші бөлімі:
+7(747) 403-04-09
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Мектеп директоры Қыдырбаев Усербек Қайырбекович
20
декабрь
2022

Мектеп директоры Қыдырбаев Усербек Қайырбекович


Қыдырбаев Усербек Қайырбекович

        Ұстаздық ұлы жолды арда тұтқан Қыдырбаев Усербек Қайырбекович 1960 жылы 2 мамырда Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы Сырдария ауданы Сырдария совхозында дүниеге келген. Алғаш мектеп табалдырығын 1966 жылы Сырдария ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептен аттап, 1974 жылы осында 8-сыныпты аяқтайды. Ал 9-10-сыныпты Шымкент облысы Мақтаарал ауданы Ф.Джержинский атындағы орта мектепте жалғастырып, 1976 жылы орта мектепті ойдағыдай бітіреді.

        Қашанда қазақ отбасында үлкен ұлға мол жауапкершілік артылатындықтан орта мектепті тәмәмдаған соң, бозбала Усербек бір жыл ауылшаруашылық жұмысына араласып, жастайынан еңбек майданында жетіліп, механизатор болып жұмыс істейді. 

        1977 жылы үлкен өмірге сәтті қадам тастаған  Усербек  Қыдырбаев Сырдария облысындағы Ғ.Гулямов атындағы педагогикалық институтқа құжат тапсырып, әрі қарай оқуды Ресейдің Белгород қаласында оқып, аталмыш оқу орнын 1982 жылы бітіреді.

        Еңбек жолын орта мектепте мұғалім болып бастаған Усербек Қыдырбаев 1982 жылдың қараша айынан Шымкент облысы Мақтаарал ауданы совхоз Техникум Пахтааралда лобарант және штаттан тыс комсомол комитетінің хатшылық қызметін қоса атқарады. Мұғалімдік қызметке барынша бет бұрған ол 1983 жылы тамыз айында Мақтаарал ауданы «Новый путь» совхозында орналасқан «Целинное» бөлімшесіндегі Н.В.Гоголь атындағы негізгі мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып ауысты. Оқу-тәрбие жұмыстарына  етене араласып, өзінің еңбекқорлығымен және жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен үздік танылып, білікті де білімді маман ретінде аталмыш мектепке 1986 жылы директор болып тағайындалды. Басшылық қызметте аянбай еңбек атқарып, іскерлігімен 1998 жылы оңтайландыру саясаты негізінде біріктірілген Т.Рысқұлов (Н.В.Гоголь) және №84 Ленин мектебінің директоры  болып тағайындалды. Арадан бір жыл өте 1999 жылы ыңғайластырылған мектептердің бөлінуіне байланысты Т.Рысқұлов мектебінің директоры болып қайта тағайындалды. Аталмыш мектеп атауы 2000 жылы «Нұрлы жол» мектебі болып өзгертілді. Осы бір тұс Усербек Қыдырбаевтың басшылық қызметтегі көп жылғы тәжірибесінің кемеліне келген кезі болды. Мектеп айналасын көгалдандыру-көріктендіру бойынша біршама қарқынды жұмыстар атқарылуына мұрындық болды. Жан-жағына хош иісті жиде жемісі егіліп, жиделі мектеп атанған «Нұрлы жол» мектебі аудан көлемінде көгалдандыру бойынша алдыңғы орындардан көрінді. Білім сапасын көтеруде де еңбекқор жан тынымсыз еңбек атқарды. Алғаш 2004 жылы ҰБТ жүйесі енгізілгенде төмен көрсеткішке ие болған мектеп деңгейін көтеруде ізденімпаздық танытып, жүйелі жоспар негізінде жұмыс жүргізе отырып, нәтижелі еңбектің арқасында ірілендірілген Мақтаарал  ауданындағы   124 мектептің арасында 2006-2007 оқу жылы ҰБТ-дан алғашқы бестіктер қатарына енді. Аталған жетістікті біршама жыл қатарынан сақтап, күні бүгінге дейін мектеп ұжымы нәтижелі еңбек атқаруда. Осы мектептен түлеп ұшқан бітірушілердің 60-70% грант иегері атанып, таңдаған мамандықтары бойынша  жоғары оқу орындарына түсіп, бұл күнде өмірден өз несібесін терген үлкен мамандық иесі болып, қызмет атқарып жүр. Оқушылардың үлкен өмірде адаспай, өз орындарын тауып, адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптасуына мейлінше үлес қосып, уақыт өте оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын арттыра түсті. Осындай тынымсыз еңбек пен сан жылғы тәжірибенің арқасында біршама жетістіктерімен танылып, аудан, облыс, республика деңгейінде көптеген марапаттауларға ие болды. Атап айтқанда, 1997 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Қоғамда адам еңбегінің әділ бағалануы шығармашылық еңбек иесіне зор күш-қуат беріп, еселі еңбек атқаруына жол ашатыны сөзсіз. Осындай ерен еңбегі мен қол жеткізген жетістіктерін ескере отырып, аудан басшылығының зор сенімімен 2010 жылдың 1 ақпанында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде Мырзакент кентінде бой көтерген №120 жаңа мектепке директор болып тағайындалды. Осында он жылға жуық қызмет атқарып, жаңа ашылған мектептің аяққа тік тұруына өлшеусіз үлес қосты. Кенттегі өзге үш мектептен қамтылған оқушылармен және мұғалімдермен жұмыс жүргізу оңайға соқпады. Күні-түні талмай еңбек етіп, оқу-тәрбие жұмысын жақсарту мен кадр жүйесін жетілдіруді қолға алды. Жаңа мектеп жаңаша қарқынмен күн өткен сайын дами түсті. Мектеп оқушылары түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларында , ал мұғалімдер өз істерінде жоғары деңгейден бой көрсетіп, жүлделі орындар мен түрлі марапаттарға ие болып отырды. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, аса зор ыждаһаттылық пен ұқыптылықтың, тынымсыз еңбектің арқасында өзіне артылған сенім үдесінен шығып, Усербек Қыдырбаев тағы бір межеден сүрінбей өтіп, нәтижелі еңбектің тәтті жемісін тата білді. Істің көзін таба білген тәжірибелі басшы Усербек Қыдырбаев 2017 жылы ҚРБҒМ-нің білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. 

       Кез келген қиын-қыстау кезеңнен жол тауып, қиюы кеткен тірліктің ретін келтіруде бүкіл саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған Усербек Қыдырбаев 2019 жылдың қыркүйегінен ротация негізінде Мақтаарал ауданы Қ.Мүсірепов атындағы №20 мектепке директор болып тағайындалды. Аталмыш мектепте үш жылдан аса уақыт көлемінде жұмыс атқарып келе жатқан Усербек Қыдырбаев мұнда да зор тәжірибелі, білікті басшы ретінде танылып, педұжымның үлкен құрметіне ие болуда. Сан жылдар тезінен өткен мол тәжірибесімен бөлісіп, педагог кадрлардың жүйелі жұмыс атқаруына себепші болуда. Алдағы уақытта өзі басшылық жасап отырған кезекті педұжыммен білім беру жүйесінде зор табысқа қол жеткізеріне сеніміміз кәміл.

      Осындай қажырлы еңбектің арқасында Бауыржан Момышұлы  айтқандай, «Ұстаздықты  ұлы міндет» тұтқан Усербек Қыдырбаев Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының  «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды. Сондай-ақ республикалық «Білім шыңы – Ғылым сыры» редакциясы жанынан арнайы құрылған комиссиясының 2015 жылдың 15 желтоқсан №07 шешіміне сәйкес «Білім шыңы» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2018 жылы Мақтаарал ауданының 90 жылдығына орай Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін «Мақтаарал ауданы 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Айта берсе, санап тауысқысыз марапаттар астарында Усербек Қыдырбаевтың білім беру ісіндегі үздіксіз ерен еңбегі жасырынғаны сөзсіз хақ. Әлі де бергенінен берері көп, үйретері мол білікті басшы үнемі өзін шыңдау мен жетілдіру қалпынан бір сәт те айныған емес. Амандық болса, келер 2021жылы наурыз айында Усербек Қыдырбаевтың үздіксіз мектеп басшысы қызметін атқарғанына 37   жыл толады. Осынау білім беру саласындағы төккен тер мен еткен еңбектің мерейлі мерекесі болған асыл уақыт ұстаздық ғұмырдың аяулы бақытын танытардай.

      Отбасына да пана, қорған бола білген Усербек Қыдырбаев көпке үлгі, қамқор әке, адал жар. Өмірлік жары Джәнетова Гүлнәр Кәттебекқызы екеуі -үйелмелі-сүйелмелі екі ұл мен үш қыздың ата-анасы. Бұл күнде отбасында саналы тәрбие, жақсы білім алған перзенттері өмір көшінде өз орындарын иемденіп, өз отбасыларын құрып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде. Үлкендері Жанар мен Бақыт ата-анасының жолын қуып, педагог атанды. Ал қызы Жадыра мен ұлы Қуандық медицина маманы атанып, қазіргі таңда ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер қызметін атқаруда. Кенже қызы Ақмарал экономист-бухгалтер мамандығын иемденді. Ұл-қыздарынан 15 немере сүйіп отырған асқар тау әке, өнегелі ата атанған Усербек Қыдырбаев берекесі ұйыған бақытты отбасының ұйытқысы бола білген жан. Ағайын-туыс, дос-жаран, ауыл-аймақ, әріптестер ортасында да көпке сыйлы, беделі биік, ардақты азамат. 



Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив